Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғылыми кітапханасында 1 курс студенттеріне арналған Ақпарат күні өз жалғасын табуда. Филология факультетіндегі өткізілген шарада ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Мұраты мықты Мұқағали» атты көрме ұйымдастырылды. Студенттер көрмеге қойылған ақынның өмірі мен шығармашылығы жайындағы басылымдармен танысып, шараның соңында КФ-11 тобының студенті Толқымбек Қазбек ақынның махаббат тақырыбына арналған өлеңін оқыды.
Мұқағали Мақатаев жастайынан әдеби шығармаларды сүйіп оқып, 14-15 жасынан өлең жаза бастайды. Қазақ классиктерінен бөлек, Есенин, Пушкин, Блок, Гейне, Гете, Дюма, Драйзер, Байрон, Бальзак, Шекспир және Лондонды сүйіп оқиды. Нарынқолдағы орта мектеп интернатта білім алып, кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде, шет тілдер институтында, кейін ҚазМУ-дың заң факультетінде оқиды. 1973 жылы Мәскеу қаласындағы Максим Горький атындағы әдебиет институтының студенті атанады. Ақынның алғашқы жыр жинағы 33 жасында шыққан. Бұдан кейін 1964-1976 жылдар аралығында сегіз жыр жинағы жарық көреді. Бүгінде ақыннан 1 000-нан астам өлең мен поэма қалды.